Президент • 05 Қараша, 2024

Қазақстан – Францияның стратегиялық әрі сенімді серіктесі

104 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекет­тік сапары қарсаңында «Le Figaro» басылымына «Қазақстан – Францияның стратегиялық әрі сенімді серіктесі» атты мақаласы жарияланды.

Қазақстан – Францияның стратегиялық әрі сенімді серіктесі

Мақалада Мемлекет бас­шысы қазіргі әлем бағамдауы қиын әрі бұрын-соңды бол­маған геосаяси тұрақсыздық пен жікке бөлінушілікке тап келгенін атап өтіп, ахуалды планетарлық ауқымдағы екі үлкен сынақ – жаһандық жылыну мен жаппай көші-қон одан сайын қиындата түскенін зерделейді. Президенттің айтуынша, бұл факторлар бір-бірін өршітіп, дүние жүзі­нің миллиондаған халқын жой­қын қиындыққа ұрындыруы мүмкін.

«Осындай дағдарыс жағ­дайында қазіргі басқару жүйе­лері мен халықаралық жедел әрекет ету тетіктері тиімділігін көрсете алмай отыр. Әсіресе көпжақты институттардың тығырыққа тірелуі алаңдатады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мысалы осы дағдарысты айқын көрсетеді. Жаһандық ынты­мақ­тастықтың рәмізі ретінде қыз­мет ететін бұл теңдессіз әрі ба­ламасы жоқ ұйым үлкен қиын­дықтарға тап болды. Айтарлықтай экономикалық және саяси ықпалға ие алпа­уыт елдердің халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты ұстанымы кереғар көрініп жатады. Көзқарастар қайшылығы, әсіресе қақты­ғыс­тар ұзаққа созылған өңірлерде анық байқалады. Ал бұл жағдай­да дауларды шешудің тетік­­тері, соның ішінде БҰҰ да қауқар­сыздығын аңғартты. «Геосаяси координаттар жүйесі» елеулі өзгеріске ұшырады. Демек көпжақты ынтымақтастық тәсілдерін қайта қарау қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент орта державалар тобының артып келе жатқан рөлін мойын­дау әлемде қалыптасқан жаңа жағдайдың негізгі аспек­ті­лерінің бірі деп санайды. Оның пікірінше, мұндай елдер­дің экономикалық және сая­си беделі барған сайын өсіп, олар­дың салмақты әрі сындарлы ұстанымы жаһандық белгі­сіздік жағдайында артық­шылыққа айналып келеді. Ірі державалар мәмілеге келе алмайтын мәселеде диалогті жақ­тайтын әрі жаһандық ынты­мақтастық қағидаттарын берік ұстанатын орта державалар ара­аға­йындық рөлін атқарады.

«Қазақстан ұзақ жылдар бойы теңгерімді сыртқы саясаттан айнымай, әлемдік дип­ломатияны ілгерілету ісіне белсенді атсалысып келеді. Орта держава ретіндегі жаңа мәр­тебесі елімізге осынау маңыз­ды миссияны жүзеге асыру­да зор жауапкершілік жүк­тейді. Сын-қатерлер мен қақты­ғыс қаупі өрши түскен қазіргі заманда Қазақстан бітім­гер­шілік үдерістер мен өркениетаралық диалогті құптайды. Әзербайжан мен Арменияға бейбіт келісімге келуі үшін келіссөздер алаңын ұсыну арқылы біз екі елдің өзара қарым-қатынасында жаңа кезеңге қадам басуына барын­ша қолдау білдіреміз. Бұған дейін Астана Сирия проб­­ле­матикасы бойынша келіс­сөз­дерге дәнекерлік етіп, Иран­ның ядролық бағдар­ламасы­на қатысты көпжақты келісс­өзге өз алаңын ұсынған еді. Сонымен қатар еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының съезін тұрақ­ты ұйымдастыра­ды. Атал­ған форум конфес­сия­ара­лық диалогті дәріптейтін біре­гей ортаға айналды. Осы амал-әрекеттердің бәрі Қазақ­стан мен Францияға ортақ ынтымақтастық, теңдік және бейбітсүйгіштік құнды­лық­тарын айқын көрсетеді», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент мақаласында еліміз ішкі саясатта демократиялық басқару жүйесіне ойысқанын атап өтіп, «жасыл» энергетика, цифрлық технологиялар, логистика сияқты келешегі зор салаларды белсенді дамытуды қолға алғанына назар аударған. Аталған салаларды өркендетуге француз компаниялары да үлес қосып жатыр.

Мәселен, Президент Париж келісімін батыл қолдауы және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алуы Қазақстанның орнықты даму мақсаттарын дәйекті түрде орындауға ұмтылысының дәлелі деп санайды. Бұл орайда Президент Астана мен Париж­дің «One Water Summit» бастама­сын ілгерілетіп жатқанын мәлім­деген. Су ресурстарын бас­қару саласындағы ынтымақ­таст­ықты жандандыруды көз­дейтін форум биыл желтоқсан айында ұйымдастырылады.

Бұған қоса Президент еліміздің тату көршілік қағидаттарына беріктігі Қазақ­стан мен Каспий теңізі арқылы Азия мен Еуропаны байланыс­тыратын Орта дәліз секілді жоба­ларды дамытуға, осылай­ша өңіраралық инте­гра­ция­ны өркендетуге мүм­кіндік беретінін айтқан.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев сауда жолдарын кеңей­ту ғана емес, өңірлер арасын­дағы өзара тиімді эконо­ми­калық байланыстарға ық­пал ететін ынтымақтастық рухын нығайту маңызды деп есептейді. Оның айтуынша, осы қадамдардың барлығы Еуропа мен Францияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазақстан табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі ел ретінде Францияның атом энергетикасы саласына сенімді серіктес болып қала береді.

Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронның былтыр қараша айында елімізге жасаған сапары барысында сирек кездесетін металдар­ды игеру, жаңартылатын энер­гия көздерін дамыту және атом энергетикасын бейбіт мақ­сатта пайдалану бағыт­тарын­да стра­тегиялық серіктес­тікті кеңей­ту жөнінде уағдалас­тық­тарға қол жеткізіл­генін еске салады.

Мемлекет басшысы мақа­ласын: «Қазақстан сияқты орта державалар көпжақты диа­логті ілгерілету, жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өз мүмкіндіктерін пайдалануы қажет. Белсенді, прагматикалық әрі теңгерімді сыртқы саясатты жүйелі жүзеге асырып келе жатқан еліміз барша мемлекетпен ынтымақтастықты нығайту арқылы осы үдеріске одан әрі атсалыса беруге ниетті. Біз халықаралық аренада беделге ие және дипломатиялық тәжірибесі бай Франциямен ықпалдастыққа сөзсіз сенім артамыз. Екі ел күш-жігер бірік­­тіріп, тұрақты әрі өр­кен­­деген әлем құруға, бейбіт қатар өмір сүруге және өзара тиімді ынтымақтастық пен жал­пыға ортақ прогресті қам­тамасыз етуге өз үлесін қоса алады. Франция Республикасы Президентінің шақыруымен Парижге мемлекеттік сапармен келгендегі мақсатым – осы», деп түйіндейді.